200-ге жуық қазақстандық Мажарстанның ЖОО-да тегін оқиды
Үкіметаралық келісім шеңберінде қазақстандықтарға жыл сайын Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында академиялық білім алуға арналған гранттар ұсынылады. Биыл да «Stipendium Hungaricum» бағдарламасы аясында Мажарстанда білім алатын қазақстандықтар анықталған.
««Stipendium Hungaricum» бағдарламасы бойынша Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында 195 қазақстандық білім алатын болады. Олардың ішінде 102 – бакалавриат, 72 - магистратура, 10 – бакалавриат пен қосымша магистратура бағдарламалары бойынша, 11 – докторантура бағыты бойынша оқиды. Резервтік тізімге 19 үміткер енді. Грант оқу, жатақханада тұру, медициналық сақтандыруды өтейді. Сонымен бірге ай сайын стипендия төленеді», - деліген «Халықаралық бағдарламалар орталығының» хабарламасында.
Орталық мәліметінше, бұл уақытқа дейін сарапшылардан құралған тәуелсіз комиссия үміткерлерді іріктеуді өтікзген.
«Қорытынды сарапшылық комиссия келесі үш критерий бойынша тізімге қосты: шет тілін білу деңгейі, білім туралы құжаттың орташа балы және әңгімелесу қорытындысы бойынша орташа баға. Биыл үкіметаралық гранттар бойынша конкурстық іріктеу ережелері жетілдірілді. Алғаш рет ауылдық жерлерден үміткерлер үшін артықшылықтар беріліп отыр. Сонымен қатар біздің бастамамызбен үкіметаралық гранттардың түлектері үшін еңбекпен өтеу мерзімі 3 жылдан 1 жылға дейін қысқартылды», - деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Былтыр үкіметаралық гранттар бойынша білім беретін елдер қатарына Вьетнам, Словакия және Әзербайжан қосылды. Бұл уақытқа дейін аталған бағыттағы ынтымақтастықта Беларусь, Мажарстан, ҚХР, Польша, Қырғызстан, Тәжікстан жұмыс істеп келген.