200 шешімнің ішінен 8-і заңсыз шықты: Абай облысында шенеуніктер жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында инвесторларға экспортқа қажетті фитосанитариялық сертификат беруден заңсыз бас тарту фактілері анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін 8 заңсыз шешімнің күші жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.

а
Фото: Kazinform/ЖИ

Ведомствоның баспасөз қызметі атап өткендей, тексеру барысында уәкілетті орган прокуратураның келісімінсіз 200 теріс шешім қабылдағаны анықталды. Оның ішінде 8 шешім заңсыз деп танылды.

Жекелеген жағдайларда бас тартуға фитосанитариялық сараптаманың жүргізілмегені себеп болған. Алайда аталған сараптаманы жүргізуді қамтамасыз ету уәкілетті органның тікелей міндеті саналады.

— Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін екі лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 3 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды, — делінген хабарламада.

Облыс прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бойынша жұмысты жалғастырады. 
Инвесторлар анықталған заңбұзушылықтар туралы 8 (707) 144-00-16 телефон нөмірі немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарлай алады.

Бұдан бұрын Шымкентте инвесторларға кедергі келтірген шенеуніктер айыппұл арқалағанын жазған едік.