19:41, 02 Сәуір 2010 | GMT +5
2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй құрылыстары елордада биыл аяқталады
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Серік Сәбеков/ - 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй құрылыстары елордада биыл аяқталады. Бұл туралы бүгін, сәуірдің 2-сінде елорданы одан әрі дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
И.Тасмағамбетов тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы қала құрылысы стратегиясының басымдықты саласы екенін атап көрсетті.
«Астанада ол қатарлас екі кезең бойынша жүргізілуде. Өз істеріне жауапсыз қараған алақол құрылыс салушылардың кінәсінен 2005-2007 жылдардағы бағдарлама орындалмай қалған болатын, бұл жұмыстар биыл аяқталады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 102,2 мың шаршыметр тұрғын үй салу қалды, барлық жұмыстар қазір жүріп жатыр. Сондай-ақ 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да биыл аяқталады», - деп атап өтті әкім.