2005-2007 жылдардағы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша Астанада берілуі тиіс үйлердің құрылысы келер жылдың басында аяқталады - И.Тасмағамбетов
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында партияның Халықтық тұғырнамасының, «Жол картасы» мен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламаларының орындалуы барысы туралы есеп берген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы ғимаратында өтіп жатқан есеп беру кеңесінде Астана әкімі, қалада Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы екі кезеңмен жүзеге асырылып отырғандығын атап өтті. Оның 2005-2007 жылдарға бағытталған бірінші кезеңінде, жалпы аумағы 165 мың шаршы метрді құрайтын екі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмай қалды.
«Бағдарлама кестесінің белгіленген мерзімнен ауытқуының себебі - кезінде бұл нысандардың қауқарсыз салушыларға берілуінде. Ұзақ уақыт жүргізілген сот тексерістерінен кейін, үй салушыларға нысанды аяқтау мерзімі белгіленді. Бірақ қаржыландырудың болмауынан нысандар тұралап қалды. Дегенмен, соңғы екі жылда біз бұл мәселені шешу жолдарын қарастырдық. Бүгінде олар толығымен шешілді. 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаның нысандары келер жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілетін болады», - деп атап өтті ол.
Әкім 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама бойынша Астанада бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендері сондай-ақ, 2010 жылы тапсырылатынын жеткізді.