2005 жылдан бері әлемдік деңгейдегі терроризм қатері 10 есеге дейін артып отыр - Е. Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2005 жылдан бері әлем бойынша терроризм қатері 10 есеге дейін артып отыр. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында экстремизм мен лаңкестікке қарсы әрекет жөніндегі зерттеулер нәтижесі туралы баяндаған саясаттанушы Ерлан Қарин осылай мәлім етті.

2005 жылдан бері әлемдік деңгейдегі терроризм қатері 10 есеге дейін артып отыр - Е. Қарин

«Соңғы 10-12 жылда терроризмнің қауіп-қатерлері жаһандық деңгейде өсіп келе жатқаны байқалады. Әсіресе, 2005 жылдан бері бұл құбылыстың артуы 10 есеге дейін барып отыр. Егер 2005 жылға дейін жылына әлем бойынша 200-300 террористік актілер орын алған болса, 2005 жылдан бастап бұл көрсеткіш күрт өсіп, жылына 10 мыңнан астам оқиғалар тіркеліп жатыр. Бұл әлем бойынша орын алып отырған құбылыс», - дейді Ерлан Қарин.

Оның айтуына қарағанда, бүгінгі терроризм әлемнің барлық мемлекеттеріне қауіп төндіріп отырған факторлардың бірі. Ал 2005 жылдан бастап осындай қатерлердің өсуіне басты себеп - Ауғанстан, Ирак, Таяу Шығыстағы мемлекеттер секілді жаңа қауіп-қатер ошақтарының пайда болуымен байланысты.

«Кейбір сарапшылардың пікірінше, бүгінгі уақытта терроризмнің қауіп-қатері жаңа формаға, жаңа форматқа өтіп жатыр. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарындағы террористік ұйымдардың іс әрекеті мен бүгінгі лаңкестік ұйымдардың іс-әрекетіндегі мазмұны да, сипаты да, сыртқы формасында да айырмашылық баршылық. Осының салдарынан терроризм соғыстың жаңа түріне айналып келеді және соның нәтижесінде әлем бойынша әскери мақсатқа бөлінетін қаражат та күрт артып отыр. Мәселен, Стокгольмдегі халықаралық ұйымның зерттеу мәліметтеріне қарағанда, дүниежүзінде соңғы 10 жылда әскери мақсатқа бөлінген қаражат 2 есеге артқан. Мамандар бұл үрдісті терроризм қаупімен тығыз байланыстырады», - деді ол.