2006 жылдан бастап республикада студенттер санының кему үдерісі байқалады

АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2006 жылдан бастап республикада студенттер санының кему үдерісі байқалады. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен брифингте аталған ведомствоның Дамыту стратегиясы департаментінің директоры Серік Ырсалиев айтты,

2006 жылдан бастап республикада студенттер санының кему үдерісі байқалады

 деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Біз мұны екі себеппен байланыстырып отырмыз. Біріншісі - демографиялық ахуалға байланысты. Қазіргі уақытта 90-шы жылдардың басында, қиын кезеңде дүниеге келген жастар мектеп бітіруде. Екінші себебі 9-шы сынып бітірген оқушылардың мектептегі оқуын жалғастырмай колледждерді және кәсіптік лицейлерді таңдауы жыл сайын жоғарлап келеді», дейді департамент директоры.

2006 жылы еліміздегі студенттер саны 775 мың болса, қазір олардың саны 633 мыңды құрап отыр.

Департамент директорының сөзіне қарағанда, жыл сайын грант иегерлерінің саны өсіп келеді. 2005 жылы олардың саны 108 мың болса, бүгінде 118 мыңды құрап отыр.  Мемлекет өзінің экономикалық мүмкіндігінің өсуіне орай жастарға көп көңіл бөлуде және дағдарыс кезінде де мүмкіндігінше студенттерге қол ұшын беруде.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының мәліметтеріне қарағанда, 2020 жылы барлық кәсіптердің 80 пайызы жоғары біліктілікті талап ететін болады. Қазір әлемде жоғары білімге шоғырлану үдерісі байқалады. Бұл орайда, Қазақстан өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғы мен жаңа жүзжылдықтың басында әлемде алда болатын. Ол кезеңде мектеп бітірген түлектеріміздің көпшілігі жоғары оқу орындарына түсетін», дейді С.Ырсалиев.