18:49, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
2008-09 оқу жылы бойынша 7 мың 102 студент оқудан шығып қалған ? К. Шәмшидинова
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы ақылы негізде оқитын 9 мың 965 студент мемлекеттік білім гранттарына ие болды.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің және Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекет қаражатының пайдалануын бақылау жөніндегі комиссияның отырысы барысында Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні республика бойынша жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің жалпы саны 633 мың 814 адамды құрайды. 2008-09 оқу жылының алғашқы жартыжылдығы бойынша 7 мың 102 студент оқудан шығып қалған. Яғни, биылғы жылы түрлі себептер бойынша оқудан шығып қалған студенттер саны жалпы жоғары оқу орындарында білім алатындардың 1 пайызына жуық болып отыр. Бұл - жыл сайынғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір төмен. Мәселен, Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес жылдарға бөліп қарастырсақ, 8-9 пайызды құрап келген», - деді К. Шәмшидинова. Вице-министрдің айтынша, жоғары оқу орындарының сырттай бөлімінде оқитындардың арасынан аталған кезеңде 245 студент оқудан шыққан. Бұл - жоғары оқу орындарындағы сырттай оқу бөлімінің студенттері санының 0,7 пайызы.