08:05, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылы АҚШ-та жұмыссыздар саны 2,4 миллион адамға өсті
ВАШИНГТОН. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Барак Обама ел экономикасын дағдарыстан шығару проблемасы бойынша Конгресс мүшелерімен дүйсенбі күні тікелей консультацияға кірісті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Инаугурация рәсіміне екі апта қалған Барак Обама конгресшілермен еңбекшілердің көпшілігінің салық ауыртпалығын 500 АҚШ долларына қысқарту мүмкіндігін талқылауда. Жұмыс орындарын ашып отырған компаниялар үшін жалпы сомасы 40-50 миллиард доллардың салықтық несиелерін белгілеу де ұсынылып отыр. Сондай-ақ инвестицияларды ынталандыру үшін мол экономикалық серпін беру мүмкіндігі де қарастырылуда. Барак Обама экономиканы құтқарудың жаңа жобасы аясында үш миллион жаңа жұмыс орнын ашу туралы ниетін бірнеше рет мәлім еткен болатын. 2008 жылы Америкада жұмыссыздардың саны көбейіп, алдын-ала есептеулер бойынша 2,4 миллион адамға артқан, сарапшылардың айтуынша, бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.