2008 жылы Еуропа елдеріне 100 мыңға тарта Қазақстан азаматтары барып қайтты
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Өткен жылы Еуропа елдеріне 100 мыңға тарта Қазақстан азаматтары барып қайтты. Бұл туралы бүгін Астанада еліміздің бірқатар ведомство өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің консулдық бөлімдері басшыларының қатысуымен өткен семинар-кеңесте ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет
департаментінің директоры Бағдат Сейтбатталов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Шекара қызметінің деректеріне тоқталып өткен Б. Сейтбатталов, «Еуропа елдеріне өткен жылы 100 мыңға тарта Қазақстан азаматтары барып қайтты. Оның ішінде Германияға - 42 мың, Нидерландыға - 28 мың, Ұлыбританияға -13 мың адам барған», - деді. Ол бұл елдер бойынша көрсеткіштер шамамен болжалды есептелгенін айтты. Себебі «Шенген» визасына сәйкес азаматтар осы аймаққа кіретін басқа да мемлекеттерге бара алады.
Оның айтуынша, 2008 жылы Қазақстан азаматтарының көбі Ресейге сапар жасаған (2 миллион 330 мың адам). Қырғызстан еліне барғандар саны - 900 мыңға жуық. Қытай мен Өзбекстан мемлекеттерінің әрқайсысында - 400 мыңнан, ал Түркияда 160 мың адам болған.