18:04, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
2008 жылы «Қазақтелеком» компаниясы желісіндегі бекітілген байланыс желі бағыттарының саны 3 млн. 33 мың бірлікті құрады
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Жедел деректер бойынша, 2008 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның желісіндегі бекітілген байланыс желі бағыттарының саны 3 млн. 33 мың бірлікті құрады.
2007 жылмен салыстырғанда өсім көрсеткіші 10 пайыздан астамға асты. Бұл туралы бүгін Астанада Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, 2008 жылдың қорытындысы бойынша республика көлеміндегі телефон тығыздығы 100 адамға шаққанда 21,3 бекітілген желіжолға жеткен. Сөйтіп 2007 жылға қарағанда өсім көрсеткіші 7,1 пайызды құраған. Жергілікті желіні цифрландыру деңгейі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 86 пайызға ұлғайған. «Бағалау мәліметтері бойынша, есепте кезеңде «Қазтелекомның» интернетін пайдаланушылар саны 1 млн. 190 мың адамға өсіп отыр. Бұл 2007 жылдағыдан 41,5 пайызға артық. Кең жолақты интернетті пайдаланушылар саны да айтарлықтай көбейді. Өткен жылы өсім 124,5 пайыз болып, 600 мың адамнан асты», деді А. Жұмағалиев.