17:28, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
2008 жылы орташа бір күндік кедендік түсімдер 3 млрд. 773 млн. теңгені құрады
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -2008 жылы орташа бір күндік кедендік түсімдер тәулігіне 3 млрд. 773 млн. теңгені құрады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенаты депутаттарымен кездесуі барысында Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеден саласын әкімшілендіру шараларына орай, импорттың көрсеткіші 30 пайызға дейін жетіп отыр. Сондай-ақ орташа бір күндік кедендік түсімдер 2005 жылы 1 млрд. 300 млн. теңгені құраса, 2006 жылы 1 млрд. 933 млн., 2007 жылы 2,5 млрд. теңге, ал былтырғы жылы тәулігіне 3 млрд. 773 млн. теңгені құрады. Осыған орай, еліміздегі әрбір кеден қызметкері мемлекетке 2007 жылы 110 млн. теңге құйса, 2008 жылы 164 млн. теңгеге жетті», деді Комитет төрағасы. Дегенмен де, Қ. Кәрбозовтың айтуына қарағанда кеден саласы қызметкерлерінің жалақысы әлі де төмен күйінде қалып отыр. Мәселен, қатардағы кеден қызметкерінің шендік қосымша жалақысын қоспағанда базалық еңбекақысы 7 мың 600 теңге, ал шекарадағы кеден офицерінің базалық жалақысы 29 мың теңге шамасында екен. «Қазір шекаралық кеден бекеттерінде қызмет ететін, көші-қон мәселелеріне бақылау жасайтын шекарашылардың жалақысы 78 мың теңге, ал кеден офицерінің жалақысы бұдан үш есе аз болып отыр», деді Қ. Кәрбозов.