2009-2011 жылдарға арналған тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізіміне экстракорпоральды ұрықтандыру енгізілуі мүмкін

АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2009-2011 жылдары тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің (ТМККК) 1 тұрғынға шаққандағы қаржыландыруын орта өңірлік деңгейге дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стратегия және денсаулық сақтау саласын дамыту департаментінің директоры Арман Айдарханов
None
None
мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, 2008 жылдың қорытындысы бойынша тегін медициналық көмек көрсетілген жеріне байланысты 1 адамға шаққандағы айырмасы 9 мың-19 мың теңге аралығында болған. «Науқас емді ауылда алсын, қалада алсын - тариф бәріне бірдей болуы тиіс», - дейді ол. Бұл мәселені 2009-2011 жылдар аралығында кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр. Осы жылдарға арналған ТМККК-ның тізіміне, сондай-ақ гематологиялық сырқаттарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді және коронографиялық зерттеулер (жүрек қан тамырларына) жүргізуді енгізу қарастырылып отыр. Үкімет қаулысымен бекітілген бағдарламалар, атап айтсақ, қауіп факторлары бар ауруларға қатысты жұртшылықты ақпараттандыру, 2007-2009 жылдарға арналған елде кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту, 2008-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында қан қызметін жетілдіру және 2009-2011 жылдарға көзделген республика халқын туберкулезден қорғау бағдарламалары жалғасын табатын болады. Сонымен бірге, жаңа тізімге бүгінгі күні күрделі әрі қымбат процедура болып табылатын - экстракорпоральды ұрықтандыруды енгізу көзделіп отыр. А.Айдархановтың айтуынша, бүгінде республикада түрлі себептермен балалы бола алмайтын 15 мыңнан астам жанұя бар. Бұл мәселе Үкімет тарапынан шешімін тапқан жағдайда Астана мен Алматы қалаларындағы Ана мен бала орталықтары жылына 700-800 отбасыға қажетті ем-домдарды тегін жасап, бала сүю бақытын сыйлайтын болады. 2009 жылы ТМККК бойынша бөлінген қаржыландырудың жалпы көлемі 286 миллион 269 мың 556 теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға артық.
Соңғы жаңалықтар