2009-2012 жылдарға арналған Қазақстанның адам құқығы саласындағы ұлттық әрекет жоспарының ТМД, Орталық Азия және Балтық елдерінде баламасы жоқ - С.Тұрсынов
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Желтоқсанның 10-ында өтетін Халықаралық адам құқықтары күніне арналған шара барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сағынбек Тұрсынов адам құқығы жалпы адами құндылықтардың көрінісі екендігін айта келіп «2009 жылы мамырдың 5-інде Мемлекет басшысы бекіткен 2009-2012 жылдарға арналған ҚР-ның адам құқығы саласындағы ұлттық әрекет жоспарының ТМД, Оралық Азия және Балтық елдерінде баламасы жоқ», деді.
Оның айтуынша, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары, БҰҰ мен ЕҚЫҰ да аталған ұлттық жобаға жоғары баға берген. Қазіргі уақытта бұл жобаның еліміздің аймақтарында, сонымен қатар бірқатар шет елдерде таныстырылымы өтуде. Мәселен, ағымдағы жылы Варшавада таныстырылып, Адам құқығы жөніндегі бюроның жоғары бағасын алған.
Кездесу барысында Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттері адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін жетілдіру, адам құқықтарын сотта және соттан тыс қорғауды жетілдіру мәселелеріне арналған баяндамалар жасады.