2009 жылдың 1-ші тоқсанында елімізде инфляция деңгейі 2 пайыз болды ? Б. Сұлтанов
АСТАНА. Сәуірдің 21-і ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде 2009 жылдың 1-ші тоқсанында инфляция деңгейі 2 пайызды құрады.
Бұл 2008 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға төмен. Бұл туралы бүгін Үкіметтің 2009 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысына арналған отырысында Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Ағымдағы жылдың басынан бастап инфляцияның деңгейі жоспарланған шамада болғанын атап өткен жөн. 2009 жылдың қаңтар-наурызында инфляция деңгейі 2008 жылғы желтоқсанға қарағанда (2008 жылдың тиісті кезеңінде 2,5 пайыз) 2 пайыз болды. Жылдық мәнде алғанда инфляцияның деңгейі осы жылдың наурызында 2008 жылдың тиісті айымен салыстырғанда 8,9 пайызды құрады», - деді отырыста Б. Сұлтанов. Министр осы жылдың ақпан айында болған теңгенің девальвациясы нәтижесінде негізінен импортталатын азық-түліктік емес тауарлар қымбаттағанын атап өтті. «Егер осы жылы қаңтарда азық-түліктік емес тауарлардың бағасы 0,4 пайызға арзандағаны байқалса, ал ақпанда олар - 1,8 пайызға, наурызда 1,5 пайызға қымбаттады. Ал азық-түлік тауарлары ақпанда - 0,2 пайызға, наурызда 0,6 пайызға көтерілді», - деді Б. Сұлтанов. Осы орайда министр жалпы алғанда теңгенің девальвациясы инфляциялық үдерістердің өсуіне айтарлықтай әсер етпегенін атап көрсетті.