2009 жылдың бірінші жартыжылдығында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлес 57 пайызды құрады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенатордың айтуынша, 2008 жылы мемлекеттік органдар сатып алған тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемінде қазақстандық қамтылымның үлесі 60 пайызды ғана құраған. Ал жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында отандық тауарлар үлесі 10 пайыздан, ұлттық компанияларда 50 пайыздан сәл ғана асқан. «2009 жылдың бірінші жартыжылдығында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамтылым шамамен 57 пайызды ғана құрапты. Бұның ішінде тауарларды сатып алудың мөлшері бар болғаны 39-ақ пайыз. Жұмыстарды сатып алуда қазақстандық үлес 75, көрсетілетін қызметтерде 70 пайызға жуық болып отыр. Өткізу нарықтарының ауқымы тарыла түсіп, айналым қаражаты шектеліп отырған бүгінгі жағдайда қазақстандық қамтылымның көлемін ұлғайту отандық кәсіпорындарды қолдаудың негізгі тәсілдері мен индустриялық-инновациялық дамудың басты тетіктерінің біріне айналуы тиіс», деді М. Көпей.
Сонымен бірге, сенатор қазіргі ахуалды түбегейлі өзгерту жолында біршама кедергілер де кездесіп отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, кедергілердің қатарында сатып алу үдерісінің ашықтығы проблемасы, осы үдерістің жемқорлықпен ұштасатын сипаты да бар болып отыр.