2009 жылдың қаңтар-сәуір айларында тұрғын үй құрылысындағы инвестициялар 61,6 миллиард теңгені құрады
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылдың қаңтар-сәуір айларында тұрғын үй құрылысындағы инвестициялар 61,6 миллиард теңгені құрады.Бұл туралы бүгін Астанада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің және әкімдердің қатысуымен Елбасының Жолдауын орындау жөніндегі іс-қимыл жоспарының іске асырылуы барысы бойынша өткен кеңесте
Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 1,8 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсімді Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалалары қамтамасыз еткен.
«4 айдың ішінде жеке тұрғын үйлерді тапсыру көлемі 853 мың шаршы метрді құрады. Жеке тұрғын үйлер құрылысының өсімі Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалып отыр», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, жалға берілетін үйлердің құрылысына әкімдіктерден 3,3 миллиард теңге аударылған. Оның ішінде 1,7 миллиард теңгесі немесе 57 пайызы игерілді. Бөлінген қаржыны толығымен Атырау және Павлодар облыстары игерген. Сондай-ақ тұрғын үй құрылыстары аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға әкімдіктерге 11 миллиард теңге бөлініп, оның 7 миллиард теңгесі жұмсалған.