13:54, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
2009 жылдың қаңтарында еліміздегі бүркемелі жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың 1,7 пайызын құраған
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -2009 жылдың қаңтарында еліміздегі бүркемелі жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың 1,7 пайызын құраған.
Бұл туралы ҚазАқпарат Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік мәліметтеріне сәйкес, 2008 жылдың төртінші тоқсанындағы жұмыссыздар саны 559,3 мың адамды құрап, 6,6 пайыздық деңгейге жеткен. 2008 жылдың бұл көрсеткіші оның алдындағы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,7 мың адамға немесе 3,5 пайызға артық болып отыр. Сонымен бірге, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органында жұмыссыздар ретінде ресми тіркелгендердің саны өткен жылдың желтоқсан айында 48,4 мың адамды құраған.
Ал, 2009 жылдың қаңтарында еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 6,9 пайызды құраса, ресми тіркелген жұмыссыздар саны осы айда 0,7 пайыз болған. Дегенмен де, Статистика агенттігінің мамандары өндірістің қысқаруы мен еңбек нарығында толық емес жұмыс тәжірибесі орын алған кезеңде жұмыссыздықты анықтау үшін бүркемелі жұмыссыздық мәселесін тексеру қажеттігіне назар аударады. 2009 жылдың қаңтарында еліміздегі бүркемелі жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың 1,7 пайызын құраған. «Бүркемелі жұмыссыздық ? жұмыс аптасының қысқартылған тәртібіне немесе толық емес жұмыс күніне көшкен, сондай-ақ жалақының сақталуынсыз демалысқа кеткендердің, еңбекақысы жартылай ғана төленетін жұмысшылардың санын көрсетеді», дейді мамандар.