2009 жылдың қазан айында еліміздегі инфляция деңгейі 0,4 пайызды құрады - Статистика агенттігі
АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылдың қазан айында еліміздегі инфляция деңгейі 0,4 пайызды құрады.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметінің таратқан мәліметтері бойынша, елімізде баға ақылы қызмет көрсетулерге өткен айда 0,9 пайызға, азық-түлік емес тауарларға - 0,4 пайызға өскен. Бұл ретте баға индексі азық-түлік тауарларына 100 пайызды құраған.
Сонымен бірге, республика бойынша қатты отынның бағасы 1,7 пайызға, медициналық дәрі-дәрмектер - 0,8 пайызға, киім мен аяқ киімге, ыдысқа - 0,6 пайызға, кітаптар мен газеттерге - 0,4 пайызға артқан. Бұдан басқа қазан айында бензин 0,7 пайызға, дизель отыны - 0,3 пайызға қымбаттаса, керісінше құрылыс материалдары 1,5 пайызға арзандапты.
Сондай-ақ, баға деңгейі білім беру, денсаулық сақтау қызметтеріне - 0,9 пайыз, мейрамханалар мен қонақ үйлер қызметтеріне - 0,7 пайыз, мәдениет және жеке қызметтерге - 0,5 пайызға жоғарылаған. Ал, жолаушылар көлігі қызметтерінің бағасы - 0,8 пайызға төмендеген.
Тұрғын үй коммуналдық қызметтері саласында тарифтің өсуі кәрізге - 3,1 пайыз, орталықтанған жылуға - 3 пайыз, суық суға - 2,3 пайыз, ыстық суға - 1,7 пайыз, электр энергиясына - 0,3 пайыз мөлшерінде байқалды.