2009 жылғы өнімнен 5,9 миллион тонна астық эскпортталды -АШМ
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылғы өнімнен 5,9 миллион тонна астық эскпортталды.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астық эскпортын жандандыру мәселесіне тоқталған министр, өткен жылдың соңында қабылданған ынталандыру шаралары астық экспортын елеулі түрді көбейткенін жеткізді.
«Соның нәтижесінде сәуірдің 10-дағы жағдай бойынша 2009 жылғы өнімнен 5,9 миллион тонна астық эскпортталды», - деді А. Күрішбаев.
«Бұл жерде айта кететін жағдай, былтырғы маркетингтік жылмен салыстыратын болсақ, 12 айдың ішінде тек қана 6,1 миллион тоннаны экспортқа шығарғанбыз», - деді ол. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, былтырғы рекордтық өнім тұрғысынан қарағанда, ол жеткіліксіз. Оған қосымша, астыққа деген әлемдік бағаның түсуіне байланысты экспорттық қарқын айтарлықтай төмендеді. Осы мәселені шешу мақсатында жуық арада Үкіметте астық экспортын ынталандырудың қосымша шаралары қабылданды.
«Қара теңіз және Балтық теңізі, сондай-ақ Қытай мен оның аумағы арқылы транзиттік бағыттармен экспортқа шығаратын астықтың тоннасына берілетін субсидия мөлшері 20 АҚШ долларынан 40 долларға дейін көтерілді», - деді министр.
Белгілі болғанындай, бүгінде Қазақстанда экспортқа негізделген 6 миллион тоннадан астам астық бар.