2009 жылы Астанада 190-ға жуық өрт оқиғалары тіркелді
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Жыл басынан бері Астанада 190-ға жуық өрт оқиғасы тіркелді.
Соның салдарынан 6 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тілсіз жау келтірген жалпы шығын 12 млн. 149 мың теңгені құрап отыр.
«Өкінішке орай өрт құрбандарының басым көпшілігі балалар болып отыр. ТЖД-ның басты қызметі бүлдіршіндер тарапынан шығатын өрттің алдын алу», - дейді департаменттің баспасөз қызметі. Бүгін осы мақсатта Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Жас құтқарушылар жасақтарының конкурсы» өтуде. Олар өрт сөндіру және құтқару спорты бойынша бақ сынасуда. Бұл шара балаларға өрт қауіпсіздігін және сақтық шараларын ұстанып жүруге үйретеді. Сондай-ақ Департамент қызметкерлерінің қатысуымен мектепте «Өмір қауіпсіздігінің негіздері» атты бағдарлама өткізіледі. Бағдарлама курсы қажетті сақтық шараларына, соның ішінде өрт қауіпсіздігіне баулиды.