2009 жылы Астанада орын алған өндірістік жарақаттардың 80 пайызы құрылыс нысандарында болды - Е.Рахымбергенов
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен жылы Астана кәсіпорындарында орын алған жазатайым оқиғалардың 80 пайызы құрылыс нысандарында болды.
Бұл туралы бүгін Конгресс-Холл сарайында өткен еңбек заңнамасы бойынша жалпықалалық семинар-кеңесте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Астана қаласы бойынша департамент директоры Еркін Рахымбергенов мәлім етті.
«2009 жылы өндірісте 138 жазатайым оқиға орын алса, оның 38-і қайғылы аяқталды. Өздеріңізге белгілі өткен жылдың күзінде болған өрт бірден 14 адамның өмірін алып кетті. Жалпы оқиғалардың 80 пайызы қаланың құрылыс нысандарында орын алған. Олардың арасында биіктіктен құлау жағдайлар жиі кездеседі», - деп атап өтті ол.
Е.Рахымбергеновтың айтуынша, құрылыс нысандарында жұмыс беруші жұмысшыларға барлық қауіпсіздік жағдайларын жасай отырып, көп жағдайда олардың орындалуын қадағаламайды. «Тексеріс барысында, еңбеккер қауіпсіздік белдемшелерін тақпай, каскаларын кимей жұмыс істеп жатқаны анықталды. Бұл әрине, бірінші кезекте жұмысшының ереже бұзушылығы болып табылады. Бірақ біз қашанда жеке бастың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерін жұмыс беруші қадағалау керек дегенді айтамыз», - деді.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың төрт айында елорда құрылыстарында 45 жазатайым оқиға тіркелді. Оның үшеуі өліммен аяқталды.