2009 жылы ауылшаруашылығының жалпы өндірісінің көлемі 13,8 пайызға өсті, бұл соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткіш - министр А. Күрішбаев
АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2009 жылы еліміздің ауылшаруашылығының жалпы өндірісінің көлемі 13,8 пайызға өсті, бұл соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
Бұл туралы бүгін Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қайта өңдеу саласын айтпағанда, былтыр агроөнеркәсіп кешінінің барлық саласы әлемдік қаржы дағдарысының теріс ықпалдарына қарамастан соңғы жылдары қол жеткізген өсім қарқынын сақтап қалған. Сөйтіп ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және саланың экспорттық әлеуетін одан әрі қарқындатуға жақсы негіз қаланды. «Экспорттық шикізаттық бағыттың төмендеу үдерісі жүруде. Бұны астық экспортының мысалынан көруге болады. Жыл сайын өңделген өнімдердің, яғни ұнның үлесі ұлғайып келеді. Мәселен, 2003 жылы астық экспортының жалпы көлеміндегі оның үлесі 10,6 пайызды құраса, өткен жылы біз астық өнімдерінің жартысына жуығын ұн түрінде экспорттадық. Сөйтіп ол 2,2 млн. тонна көлемінде рекордтық көрсеткішке жетті. Осылайша ұнды экспорттау бойынша әлемдік көшбасшы ретіндегі өзіміздің мықты позициямызды тағы да қуаттадық», деді министр.