2009 жылы денсаулық сақтау жүйесінің шығыстары 460 мрд. теңгеден астамды құрайды ? Үкімет басшысының орынбасары
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылғы денсаулық сақтау жүйесінің шығыстары 460 млрд. теңгеден астамды құрайды.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы депутаттарының форумы барысында сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы екі жылда кепілдендірілген, тегін медициналық көмек аясындағы бір науқасқа кететін шығын 1,5 есеге артты. Дәл осы бап бойынша республикалық шығыстың жалпы сомасы 225 млрд. теңгені құраған болатын. Сонымен бірге, «100 мектеп, 100 аурухана» жобасын жүзеге асыру аясында өткен жылы 7 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. 2009-2011 жылдары денсаулық сақтау жүйесінің 47 нысанын салу жоспарда болса, бұның ішінде 44 нысан жергілікті өңірлер тұрғындарына арналады. Сондай-ақ, 2010-2012 жылдары аралығында ауылды жерлер үшін 300-ге тарта типтік емдік амбулаториялар салу жоспарлануда», деді С. Ахметов. Оның айтуынша, биылғы жылғы денсаулық сақтау саласының шығыстары 462 млрд. теңгені құрап отыр. Ал қабылданған шаралар нәтижесінде еліміздегі медициналық-демографиялық жағдай жақсарып, туу көрсеткіші артты, өлім-жітім, оның ішінде ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеп отыр.