2009 жылы елдегі экономикалық өсім 1,1 пайызды, өнеркәсіп 1,7 пайызды құрады - Мемлекет басшысы
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - 2009 жылы елдегі экономикалық өсім 1,1 пайызды, өнеркәсіп 1,7 пайызды құрады.
Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біздің өткен жылы атқарылуы тиіс мәселелердің барлығын жедел түрде жүзеге асыра алдық. Біз рецессияға жол берген жоқпыз. Ұлы Неру: «Кім жедел қимылдай білсе, соның ісі сәтті болады» деген. Біз батыл қимылдадық», деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ ол Ұлттық қордың халықаралық деңгейдегі жалпы резервтерінің бүгінде 50 млрд. доллардан асып, соңғы 10 жылда оның өсімі 25 есеге көбейгендігін атап көрсетті.
«Баршаға мәлім, біз өткен жылы дағдарысқа байланысты қордың қаржысын біраз шығындадық. Ал бүгінгі күні қордың қаржысы өткен жылдың желтоқсан айындағыдан көп. Біз осыған дейінгі мүмкіндіктерімізді қалпына келтірдік. Ұлттық қордың мүмкіндігін пайдалана отырып біз тек дағдарысты еңсеріп қана қоймай, кезінде сатуға мәжбүр болған мемлекеттің активтерін де қайтара алдық», деді Президент.