2009 жылы елімізде иммуноферменттік сараптаманың көмегімен бруцеллезбен ауырған 129 мың бас ірі қара мал анықталып, жойылды - комитет төрағасы

АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2009 жылы елімізде иммуноферменттік сараптаманың көмегімен бруцеллезбен ауырған 129 мың бас ірі қара мал анықталып, жойылған. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында аталған ведомствоның Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменов айтты.

2009 жылы елімізде иммуноферменттік сараптаманың көмегімен бруцеллезбен ауырған 129 мың бас ірі қара мал анықталып, жойылды - комитет төрағасы

«Біз иммуноферменттік сараптаманы іс жүзінде 2 жыл бойы жүргізіп отырмыз. 2009 жылы 7 миллион 30 мың бас ірі қараны бруцеллезге байланысты тексердік. Соның нәтижесінде аталған аурумен ауыратын 129 мың бас ірі қара анықталды. Олар санитарлық мал сою орындарына тапсырылды. Жалпы пайызға шағып айтсақ, 1,8 пайыз ірі қара жойылды, бұл көрсеткіш бұрындары 3-4 пайызды құраған болатын», деді ол.

Сонымен қатар комитет басшысының сөзіне қарағанда, 23 миллионнан астам ұсақ малға тексеру жүргізіліп, оның 43 мың басы ауруға шалдыққаны анықталған. Олар да жойылып, иелеріне төлемақы берілген.

«Бұл жұмыс 2010 жылы да өз жалғасын табатын болады. Тиісті іс-шара жоспары бар», деді С.Сүлейменов.