2009 жылы прокурорлар жемқорлықпен күрес заңдарының орындалуына 2,5 мың тексеру жүргізіп, 1 мың 300-ге жуық заңсыз актілердің күшін жойды

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2009 жылы прокурорлар жемқорлықпен күрес заңдарының орындалу барысына 2,5 мың тексеру жүргізген.

2009 жылы прокурорлар жемқорлықпен күрес заңдарының орындалуына 2,5 мың тексеру жүргізіп,  1 мың 300-ге жуық заңсыз актілердің күшін жойды

Олардың нәтижесі бойынша 1 мың 300-ге жуық заңсыз актілердің күші жойылып, кейбіреулеріне өзгеріс енгізілген. Ал жемқорлыққа жол бергендері үшін мыңнан астам түрлі дәрежедегі шенеунік жуапкершілікке тартылып, 12 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның деректеріне қарағанда, аталған заң бұзу әрекеттері бойынша мемлекет қоржынына 120 миллион теңге қайтарылған. «Тексерулер барысында бірқатар лауазым иелерінің қызмет бабын пайдаланып, өздерінің және өзге де азаматтардың мүддесін пайдалану әрекеттері орын алды. Айталық, Көкшетау қаласы әкімі аппаратының бас маманы Бейсеуов өзінің қызметін пайдалана отырып, өте аз уақыт ішінде шешесіне жер алып беру мәселесін шешкен. Ал Ақмола облысының Сандықтау ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы Сузлицев өз қызметі бойынша жүргізілуі тиіс дезинфекциялау жұмыстарын өзінің жеке кәсіпкер әйелінің атынан жүргізген. Аталған азаматтардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылды», деді ресми өкіл.

Оның мәліметеріне қарағанда, қызмет бабын жеке мүддесіне пайдалану әрекеттері Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орын алған.