2009 жылы республикамыздағы қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 3 мың 811-ге жетті
АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылы республикамыздағы қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 3 мың 811-ге жетті. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстандық жастарды патриоттық тәрбиелеудің ролі: проблемалар, перспективалар, шешу жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел жиынында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттің тұғыры берік болуы үшін патриоттық тәрбие беру барысында мемлекеттік тілге аса көңіл бөлу - басты міндет. Бұл туралы қоғамның талқысына шығарылған «Ел бірлігі доктринасында" нақты айтылған. Қазақ тілін меңгеру әрбір азаматтың табиғи ұмтылысына айналуы тиіс. Осы мәселе шешілмей, тілдік проблема алға баспайды деп ойлаймын», деді М. Сарыбеков. Оның айтуынша, 2009 жылы қазақ тілін оқыту уақыты аптасына 3 сағаттан 5 сағатқа дейін ұлғайтылған. Сонымен бірге, ағымдағы жылы қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 3 мың 811-ге жеткен. «Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 23 мектепке артқанын көрсетеді. Орыс тілінде оқытылатын мектептердің 9-шы сыныбында қазақ тілін білу бойынша аралық бақылау жүргізіліп келеді. 2007 жылмен салыстырғанда жоғары білім беру саласында қазақ тілінде оқытуға берілген мемлекеттік тапсырыс 1,5 есеге артты», деді вице-министр.