2009 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 1,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды - Қаржы полициясының төрағасы

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қаржы полициясы 2009 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 1,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметкерді қылмыстық жауапкершілікке тартты. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті.

2009 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 1,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды - Қаржы полициясының төрағасы

Бүгінгі күні республика бойынша мемлекеттік құрылымдарда 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. «Өткен жылы біз 1,5 мыңнан астам қызметкерді қылмыстық жауапкершілікке тарттық. Статистика жылдан-жылға шамамен 5-7 пайызға арту үдерісін көрсетіп отыр. Елбасы өзінің Жолдауында құқық қорғау органдарының қызметтері санға емес, сапаға бағытталуы тиістігін атап айтқан болатын. Біз жұмысымызды қайта құрылымдап жатырмыз. Менің ойымша, біз бағдарымызды ірі лауазымды қызметте отырған және беделі жоғары тұлғалардың әрекеттерінің жолын кесіп, солармен күресуге бағыттауымыз керек», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол, сәуірдің 26-сы күні басталып үлгермеген «Таза сессия» республикалық акциясының аясында Қаржы полициясы органдарына жоғары оқу орындарынан 3-4 хабарлама келіп түскен. Еске сала кетейік, «Таза сессия» дәстүрлі акциясын Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты мен Қаржы полициясы өткізуде.