2010-2013 жылдар аралығында 800-ге тарта балабақша іске қосылмақ
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010-2013 жылдар аралығында 800-ге тарта балабақша іске қосылмақ. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында «Бір тілде сөйлеу - бірлік бастауы» тақырыбында баяндама жасаған Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«90-шы жылдардағы экономикалық қиындықтар кезеңінде мектепке дейінгі балалар мекемелерінің саны күрт кеміп кетті. Алайда, 1999 жылдан бастап мемлекет бұл істі қайта қолға алды. Нәтижесінде 2009 жылға дейін тек қазақ тілінде тәрбие беретін 648 балабақша ашылыпты. Қазір мемлекеттік тілде білім беретін мектепке дейінгі балалар мекемелері үшін қайта өрлеу кезеңі келді. Бұл іске серпін берген Елбасының Жолдауы», деді О. Мұхамеджанов.
Сонымен бірге палата төрағасы Жолдауда Үкіметке «Балапан» бағдарламасын әзірлеу тапсырылғанын атап өтті. Бұл бағдарлама аясында 2010-2013 жылдар аралығында 800-ге тарта балабақша іске қосылатынын жеткізді. «Мектептер мәселесіне келсек, тәуелсіздік алған жылдардан бастап ана тілімізде оқытатын мектептер саны жүйелі түрде өсіп отырғанын көреміз. 1991 жылдан бері 900-ден аса мектеп қатарға қосылды. Ал қазіргі күні мемлекеттік тілде оқитын балалар саны 63 пайызды құрайды. Тәуелсіздікке дейін бұл көрсеткіш бар-жоғы 22 пайыз ғана еді. Жалпы, қазақ балаларының 84 пайызы, өзге ұлт өкілдерінен 28 мыңнан астам бала қазақ тілінде оқиды екен», деді О. Мұхамеджанов.