2010-2014 жылдары энергетика саласында 6,5 мың жұмыс орны ашылады
АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекетік бағдарлама бойынша 2010-2014 жылдары энергетика саласында 24 мыңдай маман дайындалады. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Энергетиктер форумында айтылды.
"Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекетік бағдарлама бойынша 2010-2014 жылдары энергетика саласында 6,5 мың жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ жоғары және орта білім мекемелерінде 11 мамандықта 24 біліктілік бойынша 2,4 мың маманды қайта дайындықтан өткізу және оқыту көзделіп отыр. Бұл жаңа жобаларды жүзеге асыруға қажетті мамандардың саны. Білім және ғылым министрлігінің өз жоспарлары бойынша дайындайтын студенттері бұдан бөлек",- дейді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов.
Оның айтуынша, индустрияландыру бағдарламасы бойынша нақты жобаларды жүзеге асырудағы келісім-шарттарда да мамандар дайындау мәселесі еніп отыр. Онда сырттан құрал-жабдықтар ғана тасып қоймай, қай кезде оған қанша маман әзірлеу керектігі нақты көрсетілген. Жалпы қазір электр энергетикасы саласында жұмыс жасайтын мамандардың саны 75 мыңнан асты. Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп электрэнергетикасы саласындағы мамандардың біліктілігін көтеру мен кәсіби стандарттарын жасауды жоспарлап отыр.