«2010 жыл - тұрақты экономикалық дамуға көшу жылы болуы тиіс» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 23-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен арнайы кеңес өткізіліп, онда Үкіметтің есебі тыңдалды. Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Премьер-Министрдің орынбасарлары және Үкімет мүшелері қатысты. Кеңес барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасына еліміздің 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2010 жылға арналған даму жоспары туралы есеп берді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Атқарылған жұмыстар ауқымды, алда тұрған міндеттер де аз емес. Үкімет Мемлекет басшысы алдында есеп берді» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда «Қиындықтарға қарамастан, біз көптеген жаңа өндіріс орындарын аштық. Осының арқасында жұмыссыздықты қысқарттық, инфляцияны төмендеттік, «Жол картасын» жүзеге асыру барысында еліміздің тұрғындары үшін аса қажет үлкен жұмыстарды атқардық. Халыққа қажетті әлеуметтік жағдайлар жасалынды. Жаңа мектептер, ауруханалар салынды. Жол салу, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері кең ауқымда шешілді. Әсіресе, біз бұрыннан қордаланып қалған, қолымыз жетпей жүрген коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын жасап, ауқымды міндеттерді жүзеге асырдық. Тарих табалдырықтан аттаған 2010 жылы бізді бұдан да ауқымды міндеттер күтіп тұр. 2010 жыл біз үшін 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламамызды жүзеге асыру негізінде Қазақстанды серпінді өсудің тұрақты траекториясына шығаратын жыл болуы тиіс», деген Елбасының сөзі келтірілген.
Елбасының төрағалығымен өткен алқалы жиын «Айқын» газетінің де назарынан тыс қалмаған. Басылымның «2010 жыл - тұрақты экономикалық дамуға көшу жылы болуы тиіс» деген тақырыппен берілген мақаласында осы басқосу кеңінен жазылған. Кеңес барысында Мемлекет басшысы Үкіметке үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға жеке инвестицияларды көптеп тарту мәселесін пысықтауды тапсырған. «Елбасының айтуынша, «мемлекет үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін аса маңызды бағдарламаны жүзеге асыруға қомақы қаржы керек. Сондықтан аталған бағдарлама қаржылық ресурстармен толықтай қамтамасыз етілуі тиіс. Әрине, бюджеттік шығындар да болады. Алайда, екпінді жеке инвестицияларға, соның ішінде шетелдік инвестицияға да түсіруге тура келеді», деп жазады басылым.
Үкіметтің Мемлекет басшысы алдындағы жылдық есебіне тоқталған «Литер» басылымы «Кеше министрлер емтиханнан өтті», деп жазады. Есептерді тыңдаған Елбасы өз ескертпелерін жасаған. Олардың қатарында республиканың кадр резерві, банк жүйесіндегі жағдай, шағын және орта бизнесті белсендіру және ел дамуының басымдықтарына қатыстылары болды. Сонымен қатар ҚР Президенті Қазақстанның даму бағдарын өзгертетіндігін де атап өткен.
Ал «Экспресс-К» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы мұнай секторына кеңінен тоқталып, оларда қазақстандық инженер мамандардың тым аз екендігін атап өткен. Бұл салада жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың менеджерлік құрамында қазақстандық мамандар 2-3-еу ғана екендігін айтқан.
«Жыл жұмысы қорытындыланды». Қаңтардың 22-сінде Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен 2009 жылдың жұмыс қорытындыларын талқылаған және алдағы кезеңдегі қызмет басымдықтарын айқындаған Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Өткен жылы прокуратура органдары әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықты қадағалау тәртібімен 23 мыңнан астам тексерулер жүргізіп, жарты миллионға жуық азаматтың конституциялық құқықтарын қорғаған. Прокурорлық ықпал ету шараларының негізінде 38 мыңнан артық заңсыз құқықтық актілер күшін жойды немесе өзгертілген. 52 мыңнан астам тұлға түрлі жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 55 млрд. теңгеден астам қаржы өндірілген.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мәжілісте палата Төрағасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен фракция жиналысы болып өтті. Оған партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысқан. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың 6 наурыздағы Жолдауында, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде және төртінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын ашарда жүктеген міндеттерді орындауда фракцияның атқарған жұмысы сараланған. Парламент қабырғасындағы жиын басылымның сенбілік нөмірінде «Аймақтарға жіті көңіл бөлу - уақыт талабы» деген тақырыппен берілген.
Бұл жиын жайында егжей-тегжейлі жазылған келесі мақала «Айқын» газетінде де басылды.
«Кеше елордада Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеу жөніндегі Минск тобының өкілдерімен кездесті. Бұл кездесу Таулы Қарабақтағы шиеленісті жағдайды үйлестіруге бағытталды. Басқосуға Минск тобының тең төрағалары - Франция, Ресей, АҚШ секілді елдердің өкілдері қатысып, аталған мәселе жөнінде өз ой-пайымдарын тарқатып берді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Бұл кездесу тарқатылып жазылған мақала аталған басылымның бүгінгі нөмірінде «Шиеленісті жағдайлар басты назарда» деген тақырыппен жарияланды.
Бұл кездесуге тоқталған «Айқын» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағасы Юрий Мерзляков «ЕҚЫҰ-ның төрағасы Қ.Саудабаевпен өткен кездесуді жоғары бағалаймыз. Жүздесудің ЕҚЫҰ төрағасының Оңтүстік Кавказ мемлекеттері бойынша өңірлік сапары алдында ұйымдастырылуының маңызы зор. Қ.Саудабаев Таулы Қарабақ жанжалының шығу түбі, оның өршуі жайында жан-жақты хабардар екендігін көрсетті. Негізі өңірдегі жанжал 1990 жылдың басында таза ішкі мемлекетаралық сипат алған болатын. Алдағы уақытта бұл мақсаттағы жұмыс жемісті болар деген сенім бар», деген. Мақала «Қазақстанның міндеті - Таулы Қарабах жанжалын реттеу» деген тақырыппен басылды.
«Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туған күнінің 100 жылдығына орай мәскеулік мектептердің біріне батырдың аты берілетін болады. Бұл туралы келісімге Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Зауытбек Тұрысбеков пен Мәскеу мэрі Юрий Лужковтың кездесуі барысында қол жеткізілді», деп жазады «Айқын» газеті. Мақала басылымның сенбілік санында «Мәскеудегі мектепке Момышұлының есімі берілді» деген тақырыппен жарық көрді.
«Журналистиканың үлкен үш мектебінен өттім». Осы тақырыппен «Астана ақшамы» газетінде жарияланған көлемді сұхбат Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашевпен арада өрбіген.
«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында елорданың үш ауданы әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулері жайында жазылған мақалалар жарық көрген.
«Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде бір апта бойы өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері кеше кешкісін аяқталды. Шаршы алаңға шыққан 44 боксшының тең жартысы ел чемпионы атағы үшін таласатын болады», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Ақтық бәсеке бүгін өтеді.