2010 жылдан бастап төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін артады
АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -2010 жылдан бастап төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін артады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы заң жобасын тиімді жүзеге асыру мақсатында қолданыстағы бірқатар заң актілеріне өзгерістер енгізіліп отыр. Мәселен, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» қолданыстағы заңға төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін арттыру туралы өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, бұл жәрдемақы мөлшерін 2007 жылмен салыстырғанда 15 айлық есептік көрсеткіштен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін өсіру көзделеді. Яғни, 2007 жылы бұл жәрдемақы көлемі 16 мың 380 теңге болса, 2010 жылдан бастап 70 мың теңгеге дейін көбейеді», - деді Т. Дүйсенов. Оның айтуынша, 2010 жылдан бастап бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақы мөлшері де арта түседі. Мәселен, бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бірінші балаға ? 2007 жылғы 3 мың 276 теңгеден 7 мың 700 теңгеге дейін, екінші балаға -3 мың 822 теңгеден 9 мың 100 теңгеге дейін, үшінші балаға ? 4 мың 368 теңгеден 10 мың 500 теңгеге дейін, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 4 мың 914 теңгеден 11 мың 900 теңгеге дейін көбейтіледі.
«Бұл өзгерістер бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі кезеңінде отбасыға көрсетілетін көмектің мөлшерін арттыруға, бала тууды ынталандыру және демографиялық ахуалды жақсартуға бағытталады», - деді Жауапты хатшы.