2010 жылдан бері Қазақстанда жалақы бойынша қарыз бес есеге төмендеді - Бас прокуратура
«Мемлекеттік органдар мен прокуратура органдарының тарапынан қабылданған шаралардың арқасында проблемалы кәсіпорындарда жалақы бойынша қарыздарды тұрақты түрде төмендетуге қол жеткізілді. 2010 жылдың басынан бері жалақы бойынша берешек 5 еседен астам көрсеткішке төмендеп, қазіргі кезде 5 мың жұмысшы алдында 800 млн. теңгені құрап отыр. Қарыздың елеулі бөлігі банкроттық кезеңінен өтіп жатқан кәсіпорындарға тиесілі»,-деп тоқталды ол.
А. Кравченконың айтуынша, мемлекеттік органдармен бірлесе атқарылған жұмыстар мен кешенді қадамдар нәтижесінде барлық еңбек дауларында құқықтық шешімдер жасалды. Талдауға қарағанда, бұл дау-дамайлардың көпшілігі жалақыны уақтылы төлемеу негізінде орын алуда.
Атап айтқанда, жыл басынан бері қадағалау органдары азаматтардың 100 мыңнан астам еңбек құқықын бұзу фактісінің жолын кесті, сондай-ақ прокурорлық қадағалаудың 2 мыңға жуық актісін енгізді. Азаматтардың еңбек құқығын бұзғаны үшін 3,5 мыңнан астам адам түрлі жауапкершілікке тартылды.