2010 жылдың 1-ші тоқсанда еліміздің кәсіпорындары 2 трлн. 700 млрд. теңгенің өнімдерін шығарды - Ә. Исекешев

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ -2010 жылдың 1-ші тоқсанда еліміздің өнеркәсіп кәсіпорындары 2 трлн. 700 млрд. теңгенің өнімдерін шығарды.

2010 жылдың 1-ші тоқсанда еліміздің кәсіпорындары 2 трлн.  700 млрд. теңгенің өнімдерін шығарды - Ә. Исекешев

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында өнеркәсіп салаларында жақсы көрсеткіштерге жетіп отыр. Жалпы өткен жылдың 1-ші тоқсанымен салыстыратын болсақ, барлық облыстардың көрсеткіштері жоғары. 1-ші тоқсанда еліміздің өнеркәсіптік кәспорындары 2 трлн. 700 млрд. теңгенің өнімдерін шығарып, физикалық көлем индексінің деңгейі 111,5 пайызды құрады», деді отырыста Ә. Исекешев.

Оның айтуынша, Қостанай облысы (142 пайыз), Оңтүстік Қазақстан облысы (138), Павлодар облысы (137 пайыз) және Жамбыл облысы (123 пайыз) барынша жоғары өсімді көрсетті. Салалық бөліністе мынадай нәтижелер қалыптасты. Тау-кен өнеркәсіп саласының кәсіпорындары - 1,7 трлн. теңгенің өнімдерін шығарды, сөйтіп физикалық көлем индексінің деңгейі былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 7,8 пайызға артқан. «Бізде барынша жақсы көрсеткішті өңдеуші өнеркәсіп көрсетіп отыр. 1-ші тоқсанда өңдеуші өнеркәсіптің кәсіпорындары 742 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңіндегіден 18,7 пайызға артық», деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, химия өнеркәсібінде 21,6 млрд. теңгенің өнімдері өндірілген.