2010 жылдың басынан бері көлікке мас күйінде отырған ішкі істер органдарының 89 қызметкері ұсталды - ІІМ

АСТАНА. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылдың өткен 8 айында көлікке мас күйінде отырған ішкі істер органдарының 89 қызметкері ұсталды. Бұл туралы бүгін «Жол жүру қауіпсіздігі» тақырыбында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында өткен он-лайн конференцияда азаматтардың сауалына жауап берген ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті.
None
None

Он-лайн режімде сауал жолдаған Анвар Қадыров есімді азамат, Қазақстанда жүргізушілер мен жол полициясы қызметкерлерінің арасында сөйлесу мәдениеті қалыптаспағандығын, олардың қарым-қатынастары жиі жағдайда өз әрекеттерінің дұрыстығын дәлелдеуге тірелетіндігін айтқан. «Менің пікірімше, жоғары жақтан бастап сөйлесу мәдениетіне үйрететін әңгімелер өткізу керек. Полиция қызметкеріне жай кеңес сұрау үшін таянуға мүмкін болатындай бұрынғы үрдістерге қайта оралуымыз керек», - дейді ол.

Азаматтың сұрағына жауап берген Қ.Тыныбеков, бүгінгі күні облыстардағы Ішкі істер департаменттерінің барлық құрылымдарында, жолда жүру ережелерін өздері бұзып отырған жол полициясы инспекторлары мен ішкі істер органдарының қызметкерлерінің жұмыстарына қадағалау жүргізетін бақылау-профилактикалық құрылымдар жасақталғандығын мәлім етті.

Мәселен, оның айтуынша, 2010 жылдың өткен 8 айында ішкі істер органдары қызметкерлерінің үстінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы 960 хаттама толтырылды, оның ішінде 89-ы көлікке мас күйінде отырғаны үшін. Сондай-ақ, 172 полицей тәртіптік жазаға тартылса, 23-і ішкі істер органдарынан қуылды.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және олар ІІМ-нің жіті бақылауында», деді комитет төрағасы.

Соңғы жаңалықтар