2010 жылдың қаңтарында Қазақстанда жұмыссыздар саны 542 мың 900 адамды құрады - Статистика
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат - 2010 жылдың өткен қаңтар айында республикада жұмыссыздар саны 542 мың 900 адамды құрады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомство ұсынған мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың қаңтар айында ел экономикасында 7,9 миллион адам (бағалау бойынша) жұмыс істеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың саны 100,4 мың адамға көбейді. Аталмыш кезеңде жалға алынған жұмыскерлердің саны 5,3 миллионды немесе жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 66,6 пайызын құрады.
Ал қаңтар айында жұмыссыз жүргендердің саны 542,9 мың адамды құрап, ел бойынша жұмыссыздық деңгейі 6,4 пайыз болды. Қаңтар айының соңындағы жағдай бойынша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында ресми тіркелгендердің саны 63,4 мың адамды ғана құрады. Ресми тіркелгендердің арасында экономикалық белсенділердің үлесі 0,7 пайыз болды (2009 жылдың қаңтарында - 0,7 пайыз).
Сондай-ақ бағалау бойынша, 2010 жылдың қаңтарында жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың 0,7 пайызын құрады. Айта кетейік, жасырын жұмыссыздық бұл - жұмысшылардың толық емес күн тәртібіне ауыстырылуы не болмаса, олардың еңбекақысы сақталмай, не жартылай төленіп әкімшілік демалыстарға жіберілуі. Ал жұмыссыздарға - табыс беретін жұмыстары болмаған, бірақ оны белсенді іздеген және оған кез келген уақытта кірісуге әзір тұрған тұлғалар жатады.