2010 жылдың қорытындылары бойынша Қырғызстанды қоспағанда, Орталық Азия елдерінде экономиканың өсуі байқалады - Халықаралық валюта қоры

БІШКЕК. 26 қараша. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғызстандағы Халықаралық валюта қорының өкілдігі 2010 жылдағы экономикалық жағдай туралы өз баяндамасын жария етті.

2010 жылдың қорытындылары бойынша Қырғызстанды қоспағанда, Орталық Азия елдерінде экономиканың өсуі байқалады - Халықаралық валюта қоры

Халықаралық валюта қоры мамандарының бағалауынша, Қырғызстанды қоспағанда, Орталық Азия елдерінде экономиканың өсуі байқалады. Бұл туралы Бішкекте Халықаралық валюта қорының жергілікті бөлім бастығы Коба Гвенетадзе мәлім етті.

«Қазыналық ынталандыру арқасында 2010 жылдың соңында аймақ экономикасында өсу байқалатын болады. Мұнай экспорттайтын елдерде ол көрсеткіш жоғары болады. Өсу көлемі экспорт шығарушылар үшін алты пайыз, импорттаушылар үшін үш пайызды құрайды деп күтілуде. Импорттаушы елдер арасында Армения мен Грузияда 4,5-5 пайыздық өсім байқалатын болады. Аймақтағы Қырғызстан елінде экономиканың өсуі байқалмайды, бұл ағымдағы жылдың сәуір айында болған саяси жағдайларға байланысты. Біз қырғыз экономикасының төмендеуі 3,5 пайызды құрайды деп болжап отырмыз», - деді Коба Гвенетадзе.