2010 жылдың маусым айынан бастап клиенттердің банктік шоттарының жаңа нөмірлері (IBAN) мен банктердің банктік сәйкестендіру кодтары (BIC) қолданылады

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2010 жылғы маусымның 1-інен бастап Қазақстан аумағында ISO 13616: IBAN (International Bank Account Number - банктік шоттың халықаралық нөмірі) және ISO 9362: BIC (Bank Identifier Codes - банктік сәйкестендіру кодтары) халықаралық стандарттарына негізделген клиенттердің банктік шоттарының жаңа нөмірлері және банктердің жаңа банктік сәйкестендіру кодтары қолданылады. клиенттердің банктік шоттарының жаңа нөмірлері және банктердің банктік сәйкестендіру кодтары (IBAN және BIC) қолданылады.
Қаржылық бірлестікте кеңінен қолданылатын банктік деректемелердің стандарттарын қолдану банктердің және олардың клиенттерінің Қазақстанның төлем жүйесінде сәйкестендіру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Халықаралық төлемдерді өңдеуді айтарлықтай жылдамдатады. Халықаралық стандарттарға ауысудың Қазақстанның әлемдік экономикаға ықпалдасуының қазіргі жағдайында да үлкен мәні бар. Клиенттердің банктік шоттарының жаңа нөмірлері мен банктердің банктік сәйкестендіру кодтары (IBAN және BIC) Қазақстан ішіндегі және халықаралық төлемдер үшін де қолданылатын болады.
Қазақстандық IBAN 20 әріпті-цифрлық разрядтардан (KZССБББХХХХХХХХХ ХХХХ) тұратын болады. Мұндағы KZ - Қазақстанның коды, СС - бақылау разряды, БББ - банктің коды (сандық), ХХХХХХХХХХХХХ - банк клиенті шотының банаралық нөмірі (әрбір банк өз бетінше белгілейді). Көзбен көріп қабылдауды жеңілдету мақсатында шоттың нөмірін қағаз тасымалдауыштарда әрбір төртінші белгіден кейін арасын бөле отырып көрсетуге рұқсат беріледі. Алайда, электронды нысандағы төлем жəне басқа құжаттарды толтырған кезде банктік шоттың нөмірі бос орын қалдырылмай енгізілуі тиіс. Сондай-ақ бұл жағдайда банктік шот нөмірінің алдына ешқандай да басқа қысқартуларды қосуға болмайды (мысалы, IBAN, A/C, Account No жəне т.б.).
Бас банктердің жаңа БСК құрылымы 8 әріпті-цифрлық белгілерден (ББББKZХХ) тұратын болады. Мұндағы ББББ - банктің атауы (атауларының латын әріптері), K Z - Қазақстанның коды, ХХ - орналасқан жерінің коды.
Банктің банктік шотының нөмірі және банктік сәйкестендіру коды төлем құжаттарын ресімдеу кезінде міндетті деректемелері болып табылады. Халықаралық стандарт талаптарына сәйкес банктік шоттың жаңа нөмірін беруге шот иегерінің банкі ғана құқылы. Осылайша, Қазақстан Республикасының банктерінде шоттары бар жеке және заңды тұлғалар IBAN өз нөмірін алу үшін 2010 жылғы маусымның 7-сіне дейін (жаңа банктік деректемелерді қолданысқа енгізу күні) өздерінің шоттары ашылған банкке баруы тиіс. Егер тұлғаның бірнеше банктерде шоттары болса, онда нақты шотқа сәйкес келетін IBAN нөмірін ол осы шот ашылған банкте алады. 2010 жылғы маусымның 7-сінен бастап төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа банктік деректемелерді ғана көрсетуі қажет. Банк шоттарының және банктік сәйкестендіру кодтарының бұрынғы нөмірлерін көрсетуге байланысты төлемдер және ақша аударымдары қайтарылуын болдырмау үшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасындағы және шетелдердегі іскер әріптестерін және басқа мүдделі тұлғаларды/органдарды өздерінің жаңа банктік деректемелері және олардың қолданысқа енгізілу мерзімдері туралы хабардар етуі, сондай-ақ өздерінің қазақстандық әріптестері банктерінің IBAN шоттарының нөмірлерін және жаңа BIC сәйкестендіру кодтарын білуі тиіс. Жаңа жаңа банктік деректемелерді енгізуге қатысты нормативтік құжаттармен ҚР Ұлттық Банкінің Интернет-ресурсы, Төлем жүйелері/басылымдар (www.nationalbank.kz ) бөлімінде танысуға болады.