2010 жылдың соңына дейін 261 мектеп салу жоспарлануда ? Үкімет басшысының орынбасары
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылдың соңына дейін республика бойынша 261 мектеп салу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы депутаттарының форумы барысында сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Ахметов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
С. Ахметовтың айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде білім беру жүйесін қаржыландыру 7 есеге дейін өскен. Сонымен бірге, соңғы жылдары педагог мамандар үшін әлеуметтік кепілдіктер де кеңейтіліп келеді. «Мәселен, 2009 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік білім беру мекемесі қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға артты. Жыл сайын жоғары оқу орындарының үздік мұғалімдеріне 200 грант тапсырылады. Сонымен бірге, 2010 жылдың соңына дейін республика бойынша 261 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл мектептердің жобалық қуаты 180 мыңнан аса оқушы орнын қамтитын болады. Бұдан басқа осы уақыт аралығында 46 кәсіби-техникалық лицейлер салынып, экономиканың түрлі салалары бойынша кадрлар даярлаудың 4 өңіраралық орталығы құрылады», деді С. Ахметов.