2010 жылдың соңына дейін «Электрондық үкімет» порталында тағы 10 қызмет түрі іске қосылады
Бұл туралы бүгін Алматыда Бүкіләлемдік ақпараттық қауымдастық күніне орай өтіп жатқан салтанатты қабылдау шарасында «Зерде» Ұлттық ақпараттық холдингінің Басқарма төрағасы Әділбек Сәрсенов айтты , деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қазіргі кезде «Электрондық үкімет» порталында тұрғындар мен бизнес үшін интерактивті қызметтің 59 түрі көрсетіледі. Мәселен, алдын-ала электрондық сандық қолтаңба алу арқылы портал көмегімен зейнетақы төлемдері, сотталмағандығы туралы анықтама, тұрғын үй иесі ретінде тіркелу сынды қызмет түрлерін алуға болады.
С.Сәрсеновтің айтуынша, қазіргі кезде Электрондық үкімет туралы заң жобасымен жұмыс жасалуда. Онда электрондық төлем жүйесі қызметі көрсетілген. «Біз бұл қызметті мемлекеттік алымдар мен салық төлеуге қолданбақпыз. Қазіргі кезде бұның техникалық бөлігі жүзеге асырылды. Қазірдің өзінде-ақ сайтқа кіріп, 120 түрлі төлемді жүзеге асыруға болады. Алдағы уақытта бұл әрбір тұрғынға қолжетімді болуы үшін дайындалуда», деді ол.