2010 жылға қажетті дәрі-дәрмектердің 63 пайыз көлемі Қазақстанның медициналық мекемелеріне жеткізілді - «СК-Фармация»

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында 2010 жылға сатып алынған дәрі-дәрмектердің 63 пайызы Қазақстанға жеткізілді.
None
None

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «СК-Фармация» ЖШС-ның бас директоры Вадим Зверьков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

В.Зверьковтың айтуынша, жаңадан құрылған компанияға өткен жылы ілкі жоба ретінде дәрі-дәрмектердің 27 түрі бойынша сатып алулар жүргізу жүктелді. Оның оң нәтижесінен кейін, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясындағы сатып алулардың жалпы көлемінің 70 пайызын немесе дәрілік препараттардың 800-ге жуық түрін «СК-Фармацияға» берді.

Компания 2009 жылғы қарашаның 19-ынан бастап тендер өткізіп, желтоқсанның соңы мен ағымдағы қаңтар айының басында 700 препарат бойынша жеңімпаз атанған 39 жеткізуші компаниямен келісімшарттарға отыруды бастады.

«Келісімшартқа сәйкес компаниялар дәрі-дәрмектерді Қазақстанға 60 жұмыс күні ішінде жеткізуі тиіс. Бірақ кейбір шетелдік зауыттар препаратқа тапсырысты алған күннен бастап, оны 90 күннің ішінде дайындайды. Ал отандық зауыттар тапсырысты орындауды өткен ақпан айынан бастады. Бүгінгі күні кепілдендірілген тегін медициналық көмектің тізіміне енген 685 препараттың 388-ін немесе 63 пайызын (жалпы сомасы 27 миллиард теңге) медұйымдарға жеткіздік. Алдағы сәуір айының ортасына дейін қажетті көлемді 100 пайызға жабатын боламыз», - деді ол.

Бас директордың айтуынша, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде дәрі-дәрмектер медициналық мекемелерге қаңтардың 1-інен кешікпей түсу үшін, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері олар бойынша тізімді алдын ала жасақтап, қыркүйек айының 1-інен кешіктірмей ұсынуы тиіс.

Сондай-ақ В.Зверьков атап көрсеткендей, «СК-Фармация» ЖШС мемлекеттік сатып алуларда отандық өндірушілердің үлесін 10-нан 23 пайызға дейін ұлғайтқан. «Егер бұған дейін дәрі-дәрмектердің 87 пайызы шет елдерден сатып алынып, қалған 10 пайызға жуығы ғана Қазақстанда өндіріліп келсе, бүгін сатып алулар құрылымында отандық үлестің көлемі 23 пайызға жеткізілді», - дейді.

Сонымен бірге, «СК-Фармация» арқылы сатып алынған дәрі-дәрмектердің бағасы бұрынғыдан бірнеше есе арзанға түскен.

В.Зверьковтың сөзіне қарағанда, қазіргі күнгі компания алдында туындап отырған түйткілді мәселе - дәрі-дәрмектерді аймақтарға, олардың сапасын бұзбай жеткізу үшін арнайы техника қажет.

Соңғы жаңалықтар