2010 жылғы аграрлық ғылым саласының бюджеті 5,5 млрд. теңгені құрайды - М. Оразаев
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылғы аграрлық ғылым саласының бюджеті 5,5 млрд. теңгені құрайды.
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің «ҚазАгроИнновация» АҚ-да өткен көшпелі отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы екі жарым жыл ішінде аграрлық ғылым жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, министрліктің қолдауымен жыл сайын алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін «ҚазАгроИнновация» компаниясына капитализациялау жүргізіледі. Ендігі күні ғылым екі бағыт бойынша қаржыландырылып отырады. Оның бірі - бұрыннан келе жатқан зерттеулерді жүргізуге қажетті қаржыландыру болса, екіншісі ғылым саласындағы нақты институционалдық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін «ҚазАгроИнновацияны» жарғылық қаржыландыру арқылы жүзеге асады», деді вице-министр. Оның айтуынша, 2008 жылға дейін жыл сайын еліміздегі зерттеулерді жүргізуге 2,8 млрд. теңге бөлінген болса, өткен жылы қосымша 3,4 млрд. теңге жұмсалған. «2010 жылы аграрлық ғылымның бюджеті шамамен 5,5 млрд. теңгені құрайды. Яғни, бұл дегеніңіз ауыл шаруашылығы жалпы өнімі көлемінің 0,26 пайызына тең деген сөз. Жалпы, мемлекет тарапынан айтарлықтай қаржыландырудың артуы өсімдік және мал шаруашылығында заманауи зертханалар, жылыжайлар құру, ауыл шаруашылығы саласындағы техникалар мен зерттеу аспаптарын сатып алу бойынша бірқатар жобаларды жүргізуге мұрындық болары сөзсіз», деді М. Оразаев.