2010 жылғы Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы туралы баяндама таныстырылды

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада Адам құқықтары жөніндегі комиссия дайындаған «2010 жылғы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндаманың таныстырлымы болды.

2010 жылғы Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы туралы баяндама таныстырылды

«Қазақстан үшін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық болып табылады. Бұл туралы Ата Заңымызда тайға таңба басқандай 1 бабында жазылған. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығында экономика, білім-ғылым, мәдениет салаларында, сондай-ақ құқықтық-демократиялық мемлекет орнатуда елеулі жетістіктерге жеткені бәрімізге белгілі»,-деді аталған баяндаманы таныстыру кезінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, депутат Сағынбек Тұрсынов.

Депутат қазіргі кезде еліміз Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етіп отырғандығана тоқтала келе, мұнда да әрдайым адам құқықтарының сақталуына ерекше назар бөлу қажет екенін қадап айтты.

«Адам құқығы Парламент қабылдайтын және қабылдаған барлық заңдарда негізгі өлшем, баға жетпес құндылық ретінде қаралып отыр. Адам құқығын құрметтеу мен сақтауды «алтын діңгек» еткен Қазақстан Республикасы әрқашан осы ұстанымнан қайтпайтын болады»,-деді ол.

Баяндаманың мақсаты - Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті мен Үкіметін 2010 жылы Қазақстандағы адамның жəне азаматтың құқықтарының ахуалы туралы хабардар ету, Қазақстанда ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жылындағы адам құқықтарының ахуалына жалпы баға беру, адам құқықтарын қорғаудың түйінді проблемалары мен оны шешу жолдарын айқындау болып табылады.

Баяндаманың таныстырылымына ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы Александр Кельчевский, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары қатысты.