2010 жылғы наурыз айында Қазақстанда жұмыссыздар саны 524,3 мың адам болды
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат - 2010 жылғы наурыз айында республикада жұмыссыздар саны 524,3 мың адамды құрады.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, өткен наурыз айында республика экономикасында (бағалау бойынша) 8,1 млн. адам жұмыспен қамтылды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 303,0 мың адамға немесе 3,9 пайызға көп. Жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 5,4 млн. адамды немесе жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 66,6 пайызын құрады.
Жұмыссыздар саны бағалау бойынша, 524,3 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құрады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарына наурыз айының соңына дейін ресми тіркелгендердің саны - 76,4 мың адам. Жұмыссыздар ретінде тіркелгендердің ішінде экономикалық белсенді халықтың үлесі - 0,9 пайыз (2009 жылғы наурызда -0,8 пайыз).
Жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың 0,6 пайызын құрады.
Айта кетейік, жасырын жұмыссыздық - қысқартылған жұмыс аптасы немесе толық емес жұмыс тәртібіне ауыстырылған қызметкерлердің, сондай-ақ жалақысы сақталмайтын немесе еңбекақысы жартылай төленген әкімшілік демалыстарға жіберілген жұмысшылардың санын көрсетеді.