14:20, 26 Қараша 2009 | GMT +5
2010 жылы 130 мың жұмыс орны құрылады - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
АСТАНА. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2010 жылы «Жол картасы» бойынша 26 мыңнан астам әлеуметтік жұмыс орындары құрылмақ. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлығы 2010 жылы 130,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл ретте шартты түрде бір жұмыс орнына бөлінетін қаржы көлемі 965,4 мың теңгені құрайды. Бұл биылғы жылға қарағанда 50 пайызға ұлғайтылды», деді ол.
Министр 2010 жылы 26 мың 400 әлеуметтік жұмыс орындарын, сондай-ақ 26 мың 300 жұмыс орнын жастар тәжірибесін өткізу үшін құруды ұсынды. «Барлығы 52 мың 700 уақытша жұмыс орындары қамтылатын болады», деді ол.