2010 жылы амнистия жариялаумен бірге қылмыстық іс жүргізу заңнамасына гуманизациялау тұрғысынан реформа жүргізу қажет - Б. Имашев
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ 2010 жылы амнистия жариялаумен бірге қылмыстық іс жүргізу заңнамасына гуманизациялау тұрғысынан реформа жүргізу қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Үкімет басшысының, ҚР Жоғарғы Сот Төрағасының, ҚР Бас прокурорының атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Берік Имашев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осыдан біраз бұрын әріптесім Ғани Қасымов Үкімет басшысына еліміздегі сотталғандарға қатысты амнистия жариялау мәселесін көтеріп, сауал жолдаған болатын. Әділет министрлігінің алқа мәжілісінде министр Р. Түсіпбеков те 2010 жылы амнистия жариялауды орынды деп, бұның сотталғандарды ұстап тұруға арналған бюджетті қысқартуға, түзеу мекемелеріндегі сотталғандар санын азайтуға мүмкіндік беретінін айтқан еді. Дегенмен, амнистия мәселесі тек қаражатты үнемдеу және сотталғандар санын азайтуға ғана негізделмей, бұның салдарымен күресуді де қарастыруы шарт. Осыған орай, амнистия актісін жариялаумен бірге, қылмыстық іс жүргізу заңнамасына гуманизациялау тұрғысынан реформа жүргізу қажет», деді сенатор. Оның айтуынша, амнистия мемлекеттің қылмыстық іс жүргізу саясатының өзгергенін білдіріп, осы саладағы заңнаманың заманауи талаптарға сай болуын мән беруді қолға алу қажет.
«1991 жылдан бері Қазақстанда 7 мәрте, яғни орта есеппен алғанда әрбір 2,5 жылда бір рет рақымшылық шарасы өткен болатын. Бұл ретте Үкімет қылмыстық жазасын өтеп шыққандар үшін әлеуметтік бейімдеу шараларын жетілдіріп, қылмыстық заңнаманы гуманизациялауға қатысты жобалар ұсынуы тиіс», деді Б. Имашев.