2010 жылы Астанада 74 мыңға жуық азамат тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде стационарлық көмек алады
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қалалық филиалында «Астана қаласында бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу туралы» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстел барысында қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Лаура Ахметниязова айтты.
«Кепілді көмек үшін 7 533,6 миллион теңге, оның ішінде қайтадан енгізілетін нысандарға да 1 5333,8 миллион теңге жұмсау қарастырылып отыр. Сонымен қатар, стационар алмастыратын көмек көрсетудің лимиті 23 144 ауруға 231,4 миллион теңге сомасында белгіленді», деді өз сөзінде ол.
Л.Ахметниязованың айтуынша, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында жоғары мамандандырылған медициналық көмекті орталықсыздандыру жүргізілген. Аталған шараны іске асыру үшін 10156,1 миллион теңге сомасындағы мемлекеттік тапсырысты бас сүйегі мен миына зақым келген балаларды емдеу мақсатында №2 қалалық балалар ауруханасы мен қалалық онкологиялық диспансер алған.