15:57, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
2010 жылы баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен жүргізілетін мемлекеттік сатып алулар түгелдей электрондық форматқа көшіріледі - Б. Жәмішев
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде 2010 жылы баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен жүргізілетін барлық мемлекеттік сатып алулар түгелдей элетрондық форматқа көшіріледі. Бүгін Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде министр Болат Жәмішев осылай айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Электрондық мемлекеттік сатып алулар енгізілгендіктен, мемлекеттік сатып алуларға қатысушылар үшін әкімшілік кедергілер айтарлықтай төмендетілді және мемлекеттік сатып алулар процедурасы оңайлатылғандықтан, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманың нормаларындағы жемқорлыққа жол беретін тетіктер азайды. 2010 жылы баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен жүргізілетін барлық мемлекеттік сатып алулар түгелдей электрондық форматқа көшіріледі. Бұл ретте заң электрондық түрдегі аталмыш сатып алуларды ынталандыратын болады», деді алқада Б. Жәмішев.Министр электрондық мемлекеттік сатып алулар саласында биылғы жылы шешілуі тиіс міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, біріншіден баға сұраныстарына сұрау салу тәсілі арқылы электрондық форматтағы мемлекеттік сатып алулардың үлесін жалпы көлемнің 50 пайызына жеткізу қажет. «Аталмыш көрсеткішті бағындыру үшін министрлік орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен электрондық мемлекеттік сатып алуларды қолдану жөнінде сектораралық келесім-шарат әзірленуде», деді ол.
Б. Жәмішев электрондық мемлекеттік сатып алулардың ақпараттық жүйесін мүдделі мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен ықпалдастыру да маңызды міндет екенін айтты. Айта кетейік, Қаржы министрлігі электрондық мемлекеттік сатып алулар жүйесінің тәжірибелік пайдалану жұмысын 2008 жылы бастаған болатын. Министрлікте баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен өткізілген электрондық мемлекеттік сатып алулардың қорытындысы бойынша, 2008 жылы 46 млн. теңге мемлекет қаржысы үнемделді.