2010 жылы еліміздің үш мұнай өңдеу зауытында 13,7 миллион тонна шикі мұнай өңделді

«ҚазМұнайГаз - қайта өңдеу және маркетинг» Акционерлік қоғамы таратқан мәліметтерге қарағанда, мұнайды нақты өңдеудің 2009 жылғы көрсеткіші 1,6 млн тоннаны құрап, бұл соңғы бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіш болды. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген өнімнің көлемі 2010 жылы 12,7 миллион тоннаны құрады, бұл жоспардан 567 млн.тоннаға немесе 4,68 пайызға артық. 2009 жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 1,5 млн. тоннаға немесе 12 пайызға артқан.
Өндіріс өнімнің барлық түрлері бойынша асыра орындалған. Нақтырақ айтқанда, өндірілген өнімнің ішінде АИ-92, АИ-96 маркалы бензин, дизелді отын, кокс және сұйытылған газ бар. Дайындалған өнім «Қазақстан Республикасының аумағында айналымға жіберілетін автокөлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттарды шығаруына қойылатын талаптар туралы технологиялық регламенттің» 2-дәрежесінің талаптарына толығымен сәйкес келеді.
«Біз ең алдымен, зауыт басшылығының біліктілігінің, зауыт еңбеккерлерінің үйлесімді жұмысының және ескірген технологиялық қондырғыларды уақтылы ауыстырудың, сондай-ақ жалпы технологиялық процесті жаңғыртудың арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз», - деді «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының Бас директоры Данияр Берлібаев