2010 жылы Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдерінің жалпы ішкі өнімі 3,3 пайызға өседі - Еуропалық Қайта құру және даму банкі
АСТАНА. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат - 2010 жылы Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдерінің жалпы ішкі өнімі 3,3 пайызға өседі.
Еуропалық Қайта құру және даму банкінің сарапшылары осындай пікір айтып отыр.
Банк сарапшылары өткен жылдың қазан айында жасаған болжауларында, 2010 жылы аймақ елдері 2,5 пайыз өсімге қол жеткізетінін айтқан болатын.
«Аймақ экономикасының қалпына келу үдерісі әлі де болса әлсіз жүруде, елдер арасындағы көрсеткіштердің айырмашылығы едәуір. Әлемдік экономиканың біртіндеп көтерілуі аймаққа да әсерін тигізеді, бірақ бірқатар жергілікті факторлар теріс әсер ететін болады. Экономиканың мемлекеттік және жеке секторларындағы сарабдал саясаты, сондай-ақ «уытты» активтер проблемаларын шешуге және борыштық міндеттемелерді қайта құрылымдауға бағытталған қажетті шаралар аймақ экономикасының өсуін қолдауда өте маңызды роль атқаратын болады», деп мәлім етті Банктің бас экономисі Эрик Берглофф.
Еуропалық Қайта құру және даму банкі сарапшыларының болжамының өзгеруі Польша,Түркия, Ресей және Қазақстан елдерінің өсу перспективасының жақсаруымен байланысты. Оның ішінде, Ресей мен Қазақстан шикізат бағасының көтерілуінен ұтады, оған қоса аймаққа ағылған шетелдік инвестициялар артуда.
Сарапшылардың пікірінше, 2011 жылы аймақ экономикасы 3,8 пайызға өсуі мүмкін.